Жинақта бала мен ата-ана қарым-қатынасы, бала тәрбиесіне қатысты ата-аналар мен ересектерді алаңдатуға тиіс тақырыптар да қамтылған. Ал ата-аналарға, ұстаздарға баланы тыңдап, оларға қалай көмектесуге болатынын баяндайды. Жобаға Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау көрсетіп отыр.
Бұл топтама – 150 мыңнан аса мүшесі бар америкалық психологтар қауымдастығы (American Psychological Association) жүргізген көп жылғы зерттеудің нәтижесі. Кітаптар ағылшын тілінен қазақ және орыс тілдеріне қатар аударылды. Әр кітаптың көлемі – 50-70 бет. Ең көлемдісі – 200 беттей.
Кітаптар мектептерге тегін таратылады. Сонымен бірге, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы кітап дүкендерінен сатып алуға болады.
– Балалар мен жасөпірімдер үйдегі кикілжіңді, мектептегі қиындығын, уайымын ересектерге айтуға, оны талқылауға ұялады, кейбір жағдайда қорқады. Ойын ашық айтқысы келсе де, маңайында оны тыңдайтын немесе сұрағына жауап бере алатын адам болмауы мүмкін. Ұят деп ойлайды, әдепсіздік деп қабылдайды. Әрине, мұндай жағдай тек Қазақстан балаларына ғана емес, әлемнің өзге елдеріндегі балаларға да тән құбылыс. Сондықтан біз осы мәселеге маманданған ұйымдарды іздеп тауып, олармен бірге жұмыс істегенді жөн көрдік. Соның ішінде «Америка психологтар ассоциациясы» (American Psychological Association) деген ұйым бар. Олар түрлі тақырыптағы ғылыми зерттеу нәтижесін балаларға ыңғайлы, ықшам етіп, шағын ғана кітапқа айналдырған. Ұйым балалардың ата-анасына, мұғаліміне немесе психологқа айта алмай жүрген, жанын ауыртатын мәселесін шешуге, қиындығын жасырмай, ересектерге айтуға көмектеседі. Топтама осы ұйым ғалымдары жүргізген көп жылғы зерттеудің нәтижесінде құрастырылған, – дейді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы,